4-5 қараша күндері Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Аққұм ауылында Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің 90 жылдығына орай бірқатар іс-шара өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қай қоғамда да адам өз еңбегімен қадірлі» деп Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, кешегі кеңестік кезеңде де өңірдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген жандар аз емес еді. Сондай абзал адамның бірі - Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов. А. Бисенов 1970-1980 жылдары Тереңөзек ауданына қарасты Қазақ КСР-інің 50 жылдығы атындағы кеңшарға басшылық етеді. Ол еңбек өнімділігін арттырып, кеңшардың ісін алға бастырып, оны облысқа үлгілі шаруашылық жасайды. Ол өзінің еңбекқорлығымен, шаруашылықты басқарудағы ерекше талантымен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен елге танылған адам еді. Ол 1972 жылы Қазақ КСР-інің 50 жылдығы атындағы (қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауыл) кеңшарға директор болып келген күннен 1988 жылға дейінгі уақыт аралығында ауылды өркендетудің өрелі үлгісін көрсеткен. Осы кезеңде шаруашылықта тауарлы-сүт фермасы жұмысы жолға қойылып, асыл тұқымды ірі қара 4 мың басқа өсіп, олардың әрқайсысынан жылына 3800 литрден сүт өндірілген. Сонымен қатар ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске батыл енгізудің нәтижесінде күріштің әр гектарынан 50 центнерге дейін өнім алынған. Бұл сол кезеңдердегі облыс қана емес, республикадағы жоғары көрсеткіштің бірі екені анық. «Биыл туғанына 90 жыл толып отырған Алдаберген Бисеновтің ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесін, тағылымды тәжірибесін насихаттау, тұлға ретінде құрметтеу игілікті істің бірі екендігі анық. Өткенсіз бүгінгі күнді елестету мүмкін емес. Алдаберген аға басқарған ауылдың бүгінгі жаңаруы мен жасаруы өткеннен алған тағылымның, аға буын өкілдерінің көрегендік тәжірибесін ұмытпағанымыздың нәтижесі деп ойлаймын»,- дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев. Айта кету керек, Абзал Ералиев те кейінгі жылдары осы Алдаберген Бисенов басшылық жасаған шаруашылықта еңбек етіп, аға ұрпақ салған жолды жалғастырып, өзі де елдің марапатына бөленді. Еселі еңбегінің арқасында Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды. Іс-шаралар Тайман қари Жүсіпұлы атындағы ауыл мешітінде құран бағыштаудан басталады. Меймандар № 38 А. Бисенов атындағы орта мектеп жанындағы мұражаймен танысу мүмкіндігіне ие болмақ. Мәдениет үйінде еске алу шаралары өтеді. А. Бисеновтың мүсінін ашу рәсімі жоспарланған. 4-5 қараша күндері А. Бисеновтың 90 жылдығына орай шахмат, волейбол, қазақша күрес секілді спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сондай-ақ көкпар сайысы мен ат бәйгесі болатыны белгіленген. Өнер адамдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады.