Жыр бәйгесі өтеді

Жыр бәйгесі өтедіАлдағы күндері Сырдың сырбаз ақыны, қарымды қаламгер Темірше Сарыбайұлының 75 жылдығы аталып өтіледі. 
Поэзия тарланының талайлы тағдыры оқырмандарға таныс болар, 71 жасында Алматыдан туған жері Қызылордаға көшіп келіп, буылған жүгі жазылмаған күйі ана дүниеге аттанып кете барды. Қазақ телевидениесінде айтысты алғаш ұйымдастырған, ұлттық өнер жанашыры, жаратылысы ешкімге ұқсамайтын, көңілі дархан, жүрегі ақ азамат өмірден өтерінің алдында: «Басымда бір кітап жазулы тұр, соны тезірек қағазға түсіруім керек», – деген еді. Оған тағдыр үлгіртпеді, кейінгі ұрпаққа көзі тірісінде жарық көрген төрт кітабы аманат боп қалды. 
Аз жазса да, саз жазған ақынның 75 жылдық мерейтойына орай Жалағаш ауданы әкімдігі 18 қараша күні «Шындық – Тәңір» атты жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырмақ. Қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтқан шараға облыстық мәслихат депутаты, «Таң ЛТД» ЖШС басшысы Имамзада Шағыртаев демеу¬шілік жасап отыр. Мүшәйраға қатысушылар 2 кезең бойынша бақ сынамақ. Алғашында Темірше Сарыбаев¬қа арнаған өлеңін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығармасын ұсынуы тиіс. Негізгі ерекшеліктердің бірі бұған дейін республикалық, облыстық мүшәйраларда топ жарғандар қатыстырылмайды. Талапкерлер Жалағаш аудандық мәдениет үйіне  хабарласып (8 724 31 31 5 40), толық ақпарат алуына болады. Айта кетейік, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталады.
Нағымжан САУЯЕВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2016 г. 784 0