
Сырбойылық қолөнер шеберлері ЭКСПО-ға дайындықты күшейту керек. Осы салада тер төгіп жүргендердің көрме-жәрмеңкесінде Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова Қызылордадағы әріптестерінің әлі де үйренері көп екенін айтты.
Көрме-жәрмеңкені Азаматтық Альянс қауымдастығының қолдауымен облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Қарлығаш» шеберлер орталығы ұйымдастырды. «Шараны өткізудегі мақсат – ұлттық құндылығымызды дамытып, кәсіп иелерінің деңгейін көтеру, аймақта қолөнер өндірісін дамыту», - дейді орталық төрайымы Қарлығаш Ілиясова. Көрме-жәрмеңкеге жерлестерімізден бөлек Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан да қонақтар қатысты.
Ақтөбелік Нұржан Ержан шикі теріден жасалған көнектер ала келіпті. Ежелде қазақтар оны бие сауу, сүт сақтау үшін қолданған. Артықшылығы – әрі жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды. Жас шебер ұмытылып бара жатқан ата-баба дәстүрін ұрпақ жадында осылайша қайта жаңғыртқысы келеді. Аралдық Оңғарбай Баймахан малдың мүйізі мен сүйектерінің көмегімен қиялына жан бітіреді. Сырдария ауданында тұратын Роза Әлбатырова: «Басты мақсатым – түкті кілем тоқу өнерін қайтадан дамыту. Ауылда жастарды ата кәсіпке баулу үшін үйірмелер ұйымдастырып тұрамыз. Балалардың қызығушылығы жоғары», - дейді. Шара барысында қолөнершілер келушілер назарына өз дүниелерін ұсынды. Белсенділік танытқандары алғыс хаттармен және сый-сияпаттармен марапатталды.

Келер жылы болатын халықаралық көрмеде қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын әлемге паш етуде қолөнер шеберлеріне зор жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан дайындық үзілмеуі тиіс. Айжан Бекқұлова айтқандай, бұл ретте қызылордалықтардың Шымкенттегі әріптестерінемен тәжірибе алғаны жөн.
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.