
Кеше үкімет отырысынан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев АИ-92 маркалы бензиннің неліктен қымбаттап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды BNews.kz.
«АИ-92 бензинінің бағасы реттелмейді. Нарықта қазақстандық бензин елеулі түрде ұсынылған. Сондай-ақ, Ресейден де ұсыныс бар. Ресейден келетін көтерме баға Қазақстан зауыттарына қарағанда қымбатырақ. Биылғы жаңғырту жұмыстарына байланысты «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жоспарлы күрделі жөндеуге шықты. Онда технологиялық үдеріске тікелей қатысты қондырғылар жаңғыртылуда. Өндіріс 12-сіне қарай жөндеуден шығып, мұнай өнімдерін өндіруді жандандырады», – деді Қ.Бозымбаев.
Министр былтыр да осындай жағдайдың болғанын айта келе, бағаның реттелетініне сенім білдірді.
«Естеріңізде болса, өткен жылы қазан айында бензин 127 теңге болған. Кейіннен баға төмендеді. Қаңтар-ақпан айларында 123 теңгеге дейін түсті. Биыл да дәл солай қайталанады деп үміттенеміз», – дейді ол.
«Бұл өз кезегінде осы зауыттағы ашық түсті мұнай өнімдерін шығаруды 4-5 пайызға төмендетіп, сәйкесінше ішкі нарыққа өнім жеткізу азайды. Яғни, арзандау АИ-92 маркалы қазақстандық бензиннің үлесі төмендегендіктен, ресейлік бензин нарыққа көбірек кіре бастады. Ал Ресей бензині қымбаттау екені түсінікті», – деді министр.
Фото: Бауыржан Жуасбаев