Қызылордада жуу және тазартуға арналған заттар шығаратын алғашқы цех ашылды. Инновациялық жоба «Даму-Сырдария» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, - деп хабарлады «Даму» қорының баспасөз қызметінен.
Жеке кәсіпкер Серік Махамбетов ол үшін «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы 8,5%-бен жеңілдетілген несие рәсімдеді. «Даму» қорының 50%-дық кепілдендіруі арқылы екінші деңгейлі банк алдындағы кепілмүлік жетіспеушілігі мәселесін осылай шешті.
Кәсіпкер жоба тұрмыстық және автохимияға сұраныстың жоғарылығы мен жергілікті нарықта бәсекелестердің болмауынан табысты жүзеге асады деген сенімде. Кәсіпорын шығарған өнімдердің бағасы алыпсатарлар қоятын бағадан 30% төмен болады. Тәулігіне 200 литр өнім шығарады дегенде зауыттың ай сайынғы өндіру қуаты 5 тоннаны құрайды.
Жоба аясында кәсіпкер 8 жаңа жұмыс орнын ашты. Серік Махамбетов өндіріс көлемін көбейтіп, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.