Қайырымдылық акциясы жалғасады

Қайырымдылық акциясы жалғасадыҚазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған, қазіргі таңда қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді, бейбітшілік пен достықты сақтауда маңызды орын алатын, әлемде теңдесі жоқ құрылым екені белгілі. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жұмысын жандандыру, жан-жақты ету, қызмет ету аясын кеңейту мақсатында оның жанынан қоғамдық кеңестер, клубтар мен корпустар құрылды. Солардың бірі – Аналар кеңесі. 
Қазіргі таңда облыста 114 кеңес жұмыс жасайды. Оның 1041 мүшесі бар. Құрылған уақытынан бастап Аналар кеңесімен көптеген игі шаралар атқарылып, қоғамның түйткілді мәселелері талқылануда. Бастысы – «Аналар – аналарға» қайырымдылық акциясы. 
Акцияны ұйымдастыру барысында Аналар кеңесі «Жомарт» қайырымдылық үйімен бірлесіп жұмыс істеді. Онда тұрмысы төмен 10 отбасына қажетті заттардың тізбесі жасалды. Сонымен қатар кеңестің әр мүшесі өзі қызмет ететін ұжымға акция жайлы ақпарат беріп, мекемелерімен атсалысты. Атап айтар болсақ, №9 мектеп-гимназияның ұжымы Аналар кеңесінің мүшесі, мектеп мұғалімі Мария Семеникина көмектерін заттай және ақшалай ұсынса, «Сервис ЛТД» ЖШС әкімшілік-шаруашылық жұмыстары бойынша директорының орынбасары, Аналар кеңесінің мүшесі Манзура Абдугафарова 10 отбасына жетерлік көрпе-төсек және төсек-орын жабдығын, киімдер мен аяқ киімдерді үлестірді. 
Осылайша, Аналар кеңесінің мүшелері мұқтаж отбасыларға қажетті азық-түлік, қыстық киімдер, аяқ киімдер, тұрмыстық заттарды жинап, белгіленген жанұяларды аралап шықты. Әрқайсысы түрлі саланың жетекші мамандары болып табылатын Аналар кеңесінің мүшелері отбасылардан өзге әлеуметтік мәселелермен танысып, өз көмектерін ұсынды.
«Аналар – аналарға» қайырымдылық акциясы дәстүрге айналып, алдағы уақытта да жалғасын табатын болды. 
Cара АДАЙБАЕВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2016 г. 496 0