
Қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен көрермен ықыласына бөленген өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова биыл – 60 жаста. Осыған орай Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында тәлімгер-ұстаздың шығармашылығына арналған классикалық ән өнері фестивалі өтті.
Өңірімізде тұңғыш рет өткізілген фестивальға келушілердің қатары қалың болды. Өнерімен ғана емес, қарапайымдылығымен қалың елді өзіне еліте білген әнші сахна төріне көтерілісімен-ақ көпшілік қошеметіне бөленді. Тыңдарман қол соғып, ерекше құрметпен қарсы алды. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мерейтой иесіне деген жылы лебізін білдіріп, еселі еңбегі үшін облыстың "Құрмет грамотасын» табыстады.
– Сыр өңірінің киелі топыра¬ғында өскен өнер тарландарының есімі ел асып, әлемге әйгілі болды. Бүгін, міне, солардың бірі де бірегейі, қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенованың тұңғыш шәкірті – Қаракөз Ақдәулетова асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ән өнерінде өз орнын қалыптастырып, шабыт шағаласын биікке ұшыра білген әнші-ұстаздың бұл салада еңбегі бір төбе. Өнер әлемінде өрісіңіз кеңейіп, шабытыңыз шарықтай берсін, – деді Н.Байқадамов құттықтау сөзінде.
Өнер жолындағы тұңғыш шәкіртінің шығармашылық кешіне КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, "Қазақтың бұлбұлы” атанған Бибігүл Төлегенова, белгілі композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев те арнайы келіп, құттықтауы мен ізгі тілектерін арнады.
– Алматы мемлекеттік консер¬ваториясындағы алғашқы шәкіртім Қаракөз маған өз баламдай ыстық. Қазақ өнерінің қадір-қасиетін арттырып, сән-салтанатын асырып жүрген осындай шәкіртіммен мақтанамын. Оқу орнын бітірісімен туған еліне ат басын бұрып, еңбек жолын осында бастады. Бүгінде Сыр бойының өнерпаз өрендерін шыңдап, оларды республикалық, халықаралық деңгейдегі үлкен додаларға қатыстырып, жүлделі орын иеленуіне еңбек сіңіріп келе жатқан шәкіртіме шығармашылық табыстар тілеймін, – деді Б.Төлегенова.
Өнер саңлағының кешінде өзімен қатар ұстазы, түрлі байқаулардың лауреаты атанған шәкірттері А.Зацепиннің "Көктем вальсін”, Қазақстан композиторлары әндерінің шеруін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, композитор Кеңес Дүйсекеевтің "Есіңде ме?”, "Күз” атты сиясы кеппеген шығармалары алғаш рет тыңдарманға жол тартты. Осылайша әдемі әнге бөлеген фестиваль көрерменін бей-жай қалдырмай, кеш соңында жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен әндетіп тарқасты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Суретті түсірген:
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, елге танымал әнші, ұстаз Қаракөз Ақдәулетова 35 жылдан бері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің академиялық ән салу бөлімін басқарып келеді. Құдіретті өнерді арқалаған тәжірибелі ұстаз бүгінде балалар студиясының шәкірттерін дүниежүзінің Эстония, Түркия, Франция, Армения, Болгария, Ресей елдеріне танытты. "Super Star KZ” мегажобасының алғашқы жеңімпазы Алмас Кішкенбаев та – Ақдәулетованың шәкірті.
Музыкадағы кәсіби деңгейдің биіктігін қолдап, өнер тазалығын қорғайтын Қаракөз Ақдәулетова осыған дейін Білім және ғылым министірлігінің Құрмет грамотасымен, Елбасының алғыс хатымен марапатталған.