БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

 

Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевті қабылдады.

Кездесуде Ө.Шөкеев Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы, сондай-ақ трансформациялау және жекешелендіру бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Аталған кезеңде қордың қаржылық және өндірістік көрсеткішінің өсімі оң қарқын алғаны байқалады. Мәселен, оның табысы былтырғымен салыстырғанда 15%-ға өсті.

Жекешелендіру бағдарламасы аясында қор тобының 216 нысанын бәсекелік ортаға шығару жоспарланып отыр. Бүгінгі күні экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 133 активтің сатылу әдісін мақұлдады. Қазірдің өзінде жалпы құны 7,4 млрд теңге болатын 39 актив сатылған.

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының трансформациялау бағдарламасының тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігіне назар аударды.

 

ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМДЕ ӨСІМ БАР

 

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қабылдады.

Кездесуде Қ.Бишімбаев Елбасыға Қазақстанның биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың негізгі тетігі болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады.

Қазақстан Президенті экономикалық даму қарқынын одан әрі жеделдету, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, экономиканы қолдау және басты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бюджет пен ұлттық қордан бөлінетін қаражатты ұтымды әрі тиімді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.

Ұлттық экономика министрі өз баяндамасында 2016 жылғы 9 айда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 0,4%-ға өскенін атап өтті.

– Құрылыс және көлік саласы, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы экономика өсімінің негізгі қозғаушы күші (драйвері) болып саналады. Көлемнің артуы құрылыста – 6,9%, ауыл шаруашылығында – 4,9%, көлік саласында – 4%, өңдеу өнеркәсібінде 0,6% болып отыр. Сонымен бірге металлургия мен фармацевтика өнімдерінің, азық-түлік пен мұнай өңдеу өндірісінің мөлшері артқаны байқалады, – деді Қ.Бишімбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші институционалдық реформаның орындалу барысы жөнінде баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2016 г. 520 0