
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығының кино залында заманымыздың заңғар жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильмі көрсетілді.
Сценарий авторы, кинорежиссер Жаңабек Жетіруов бұл идеяның 2009 жылы – жазушының жетпіс жылдығында келгенін айтады.
– Содан кейін министрлік фильм түсіру туралы шешім қабылдады. Ұсынысымызға Әбіш Кекілбаев бірден келісе қойған жоқ. Жұмыс барысында қиындықтар болды. Көркемдік кеңес отырысынан кейін ол кісіге көрсетіп едік, еңбегімізді ұнатты, - деді Жаңабек Жетіруов.
Көрсетілім Қазақстанның халық жазушысын еске алу шаралары аясында ұйымдастырылды. Көрермен қатарында болған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов:
– Әбіш Кекілбаев – абыздардың жалғасы. Осындай тұлғаны көрсету – сіздің жүректілігіңіз. «Нартәуекел» деп кіріскен еңбегіңіздің нәтижесі, - дей келе, режиссерға алғыс білдірді.
Жаңабек Жетіруов алдағы уақытта жазушының «Шыңырау» повесінің желісімен де кино түсірмек.