
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов сейсенбіде Қызылорда медициналық колледжінде өткен семинарда келер жылдан бастап елімізде енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты түсіндірді.
Семинарға аудандар мен қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық аурухана мен қалалық емдеу ұйымдарының бас дәрігерлері және облыстық басқармалар басшылары қатысты.
Семинарды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ашып, жаңа жүйенің маңыздылығына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі отыр. Осыған байланысты кезең-кезеңімен дайындық жұмыстары жүргізіліп, жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Яғни, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының үшінші кезеңі де аяқталып қалды. Медициналық сақтандыру жүйесі барлығымызға, атап айтқанда, медициналық қыз¬метті тұтынушыларға, медицина қызметкерлеріне, сонымен бірге, жұмыс берушілерге қатысты. Сондықтан жаңа жүйенің қыр-сырын білуіміз керек. Осы орайда республикалық ақпараттық-насихаттық топ құрылып жан-жақты түсіндірме жұмыстары қолға алынған болатын,– деді Руслан Рүстемов.
Семинарда сөз алған Б.Баймаханов медициналық сақтандыру жүйесінің елімізде қолға алынуының жайдан жай еместігін, сондықтан әрбір тұрғын әлеуметтік жобаның маңызын түсініп, ол туралы толық ақпаратқа қанығуы керектігін атап айтты.
– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын біз желтоқсанның аяғына дейін аяқтауға тиіспіз. Сонымен бірге, облыстық, аудандық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінен аттестация алуымыз керек. Оның себебі, жаңа жобаны тұрғындарға түсіндіретін осы штаб мүшелері. Сондықтан олар тұрғындардың жаңа жобаға байланысты кез келген сұрағына дұрыс жауап беріп, дұрыс түсіндіруі керек. Өйткені, бұл – ең алдымен әлеуметтік жоба. Медициналық көмек кішкентай баладан бастап үлкен кісіге дейін керек. Сондықтан өте тиянақты жұмыс жасауымыз керек,– деген Б.Баймаханов әрі қарай міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің маңызына тоқталды. Спикер ең алдымен тұрғындардың әлеуметтік тобына назар аударуды, яғни, облыста адамдардың қаншасы жұмыс істейді, қаншасы жұмыссыз, қаншасы балалар мен жасөспірімдер, зейнеткерлер қанша, мүгедектер қанша деген мәселеге аса байыппен қарауды, тұрғындардың есебін нақтылауда осы мәселеге барынша мұқият болуға шақырды. Себебі ол алдағы уақытта тұрғындардың жаңа жүйемен медициналық көмек алуына бірден-бір әсер ететін факті болмақ.
Б.Баймахановтың айтуынша, жаңа жүйе көп нәрсені өзгертеді, әсіресе дәрігердің науқасқа деген қарым-қатынасын жақсартады, медициналық мекемелер арасында бәсекелестікті арттырады. Бәсе¬келестік болған жерде қызмет сапасы да жақсара түсетіні ақиқат.
Жаңа жоба бойынша нақтыланған 15 санаттағы азаматтар жарна төлеуден босатылады. Олар көпбалалы аналар, яғни, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, балалар, зейнеткерлер, жұмыссыздар және тағысын тағы. 2019 жылға дейін жұмысшылар жарна төлемейді, олар үшін жұмыс берушілер төлейтін болады.
Семинар соңында қатысушылар арасында аттестация өтіп, міндетті медициналы сақтандыру туралы білімдері сараланды.
Айнұр БАТТАЛОВА.