
Кеше «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен кеңеске бюро мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.
Бюро отырысында «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру», «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020», «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асу барысы және облыстық партия филиалының 2017 жылға арналған бюджет жобасы туралы мәселелер қамтылды.
Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім туралы баяндама жасаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, сайлауалды бағдарлама бойынша білім саласында жаңашылдық пен жаңғыртулар жүріп жатқанын, оқу орындарын салаландырудың жол картасын жүзеге асыру бойынша 23 мамандық жаңадан ашылып, ондағы білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі қалыптасқанын айтты. Баяндама барысында жатақхана мәселесін тілге тиек еткен сала басшысына облыс әкімі, қаржы басқармасының теңгерімінде тұрған бос ғимараттарды қайта жаңғыртудан өткізіп, жатақханаға айналдыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы маргинал жастарды мамандыққа баулуды, жұмыспен қамтуды ұйымдастыруды тапсырды.
«Байқоңыр» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Дәуленбаевтың баяндамасы барысында саяси кеңес мүшесі А.Оңғарбаев жұлдызды қалада елімізден шығатын газет-журналдардың таралымы, таратылуы жайында сұрақ қойды. Бұл мәселенің маңыздылығын ескерткен аймақ басшысы салалық орынбасарына тиісті тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баян¬даған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ¬дарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Алдамжаров аймақта тоғыз мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылғанын айтты. Жұмыссыздықтың көрсеткішімен, статистикалық есептердің көңіл көншітпейтінін айтқан аймақ басшысы осы деректерді пысықтауды тапсырды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуына орай облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссия төрағасы Т.Әлімқұлов баяндады.
Жалпы фракция жанындағы комиссия 3 бағытта жұмыс атқарып, 7 мемлекеттік бағдарламаның орындалуына бақылау жасаған. Сондай-ақ, 4 түрлі рейд ұйымдастырып, кемшіліктер бойынша тиісті мекеме басшыларына ұсыныстар берілген.
Кеңейтілген отырыста облыстық партия филиалының келер жылға арналған бюджет жобасы қаралып, төраға орынбасары Ә.Ерсұлтановтың ұсынысына орай, филиалдардың материалдық-техникалық базаларын жақсарту, жаңартуды аумақтық партия филиалдары төрағаларының үнемі назарда ұстаулары ескертіліп, есеп бөліміне қаржы тәртібін қатаң сақтау тапсырылды.
Бюро отырысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Отырыста аймақ басшысы партия активі жаңа істердің ұйытқысына айнала беретініне сенім білдірді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.