
Арал ауданының Аманөткел ауылындағы мектеп жанынан салынған жылыжай алғашқы өнімін бере бастады. Білім ордасы маңындағы бұл кешен осылайша жылдың кез келген мезгілінде халықты сапалы әрі арзан ауылшаруашылық өнімімен қамтамасыз ету мүмкіндігін дәлелдеді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мектеп ұжымы алғашқы дәнді-дақылдарды тамыз айында еккен еді. Нәтижесінде жылыжайда қазірдің өзінде қиярдың 3 түрі шыға бастады. Сонымен қатар, қызанақтың да пісетін уақыты жақындап келеді. Білім ордасының басшысы Айбек Әлімжанов мұндай жоба болашақ агрономдарды дайындауда мол септігін тигізетініне сенімді.
Айта кетейік, аумағы 200 шаршы метрден асатын кешенді болашақта тағы да үлкейту жоспарланып отыр. Қазір жылыжайда сынақ ретінде гүлдердің де бірнеше түрі өсіріле бастады.