Облыстық ІІД ұйымдастырған байқау қорытындыланды

Облыстық ІІД ұйымдастырған байқау қорытындыланды
Қызылорда облыстық ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы ұйымдастырған «Есірткісіз болашақ...» атты үздік репортаж және мақала сайысы мәресіне жетті, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сайысқа бірнеше үміткер қатысып, заманауи техникалық құралдардың мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, белгіленген тақырыпқа қатысты ойларын нақты, дәлелді фактілермен, дәл және көркем жеткізе білді. Комиссияның шешіміне сәйкес сайыстың бас жүлдесін «Қоғам ТВ» телеарнасының редакторы Баян Құлтанова қанжығасына байласа, ІІ орын иегері болып осы телеарнаның тілшісі Тілеген Бекарыстанов танылды. Ал ІІІ орынды «Bnews.kz» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі, «Время» газетінің меншікті тілшісі, «Кому что?» газетінің редакторы Наталья Денисова жеңіп алды.
Сонымен қатар «Kyzylorda-news.kz» интернет газеті редакторының орынбасары Шынар Бекбан мен тілшісі Ақнұр Жағыпарова жұмыстары «Полиция сүйіспеншілігі» аталымына лайық деп танылса, «ҚоғамТВ» телеарнасының операторы Берік Бәйімбетов пен монтажерлары Индира Раисова мен Жанас Исаевтың жұмыстары «Ынтымақтастық» аталымы бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер департамент бастығының бағалы сыйлықтарымен, дипломдарымен марапатталды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қазан 2016 г. 658 0