Сыр бойымен сырласқан суреткер

Сыр бойымен сырласқан суреткерКеше Қызылордадағы Студенттер сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев­тың 70 жылдығына орай «С.Балғабаев – дра­матург, жазушы, публицист» тақы­ры­бындағы ғылыми-танымдық конференция өтті.
Сыр бойының түлегі С.Балғабаев Шиелі ауданына қарасты  қазіргі М.Шоқай ауылында дүниеге келген. Алғаш жазған туындылары сол кездегі «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінде жарық көрген.  Облыс баспасөзінің қарашаңырағында Асқар Тоқмағамбетовтен, Қомшабай Сүйеніштен тәлім алған.  Орта мектепті бітірген соң, 2 жыл шопан болған. Жазушының өзі «қой баққан екі жылдағы көрген-білгенімді әлі күнге дейін жазып келемін» дейді. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, газет-журналдарда, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында, театр­да қызмет істеген. «Бастау», «Жұлдызың жансын!», «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария» сияқты ондаған прозалық кітаптың авторы.
Қаламгердің қазақ драматургиясына қосқан үлесі өлшеусіз. «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Біз де ғашық болғанбыз» және басқа да пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық театрда, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында және еліміздің облыстық театрларында қойылып келеді. Уақытпен үндескен, күрделі мәселелерді дәл мезгілінде көтерген шығармаларында өмірдің сан алуан кайшылықтарын шебер суреттеген. Адам тағдырына, тіршіліктің тоқсан тараулы қырларына терең үңілетін суреткердің драмалары көрші елдерде де сахналанып жүр.     
Жазушы ұлт рухы, тіл тағдыры, әдебиет пен өнердің ахуалы жайында жазған публицистикалық мақалаларында қоғамдағы өткір мәселелерді терең талдады. «Қызыл кітапқа кіретін халық» деген бірнеше бөлімнен тұратын проблемалық мақалалары қазақ руханиятын бір сілкіндірген құнды дүние ретінде өз бағасын алды.
Ғылыми-танымдық конференцияның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов С.Балғабаевтың жазушы, драматург, публицист ретіндегі қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген ерен еңбегіне тоқталды. Туған жерден тамырын үзбеген, әр шығармасында Сыр бойының табиғаты мен адамдарын суреттейтін жазушыға облыстың «Құрмет грамотасын» табыс етті. Қорқыт ата атындағы университет проректоры А.Жүнісов «Қорқыт ата атындағы ҚМУ Алтын медалін» тапсырып, иығына шапан жапты.   
Алматы қалалық тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Ахетов жазушының шығармашылығы ту­ралы баяндама жасады. С.Балғабаевтың қа­лам­­гер­лігімен қатар Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы төрағасының орынбасары ретін­дегі ең­бегіне тоқталды. С.Балғабаев тәуел­сіздік ал­ға­лы бері әлемнің әр қиырындағы ағайынның ел­ге оралуына, атамекенді жатсынбай, елмен етене араласып кетуіне айтарлықтай үлес қосты.
Конференцияда Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы  Қ.Есімсейітова «Сұлтанәлі Балғабаев және туған жер», Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценттері А.Әбілов, А.Айтбаева «С.Балғабаев прозасындағы көркемдік», «С.Балғабаев – драматург» тақырыбында баяндама жасаса, филология ғылымының кандидаты Г.Әшірбекова жазушының публицистикадағы көтерген мәселелерінің салмағын безбендейтін уақыттың жеткенін атап өтті.
Ғылыми-танымдық конференцияның соңын­­­да С.Балғабаев мерейтойына орай құрмет көр­сеткен облыс басшылығына, баяндама жаса­ған ғалымдарға алғысын жеткізіп, жаңадан жарық көрген кітабын сыйға тартты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2016 г. 725 0