«Қызылорда көшелері» көпшілікке арналады

«Қызылорда көшелері» көпшілікке арналадыСәулеті мен дәулеті артып келе жатқан қаламыздың аумағы күн сайын кеңейіп, шырайланып келеді. Бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы 612 шақырым болатын 760-тан астам көше бар. Енді бұл көшелер туралы барлық мәліметті «Қызылорда көшелері» атты жаңа кітаптан қала тұрғындары мен қонақтары толық біле алады. Жуырда кітаптың сүйінші данасы оқырманға жол тартты. Осыдан жеті жыл бұрын жарық көрген кітаптан соң, қайта толықтырылып, өңделген жаңа кітапта  қала көшелерінің қай жерде орналасқаны, оның бұрынғы және қазіргі атаулары, шаһардың көрікті жерлері мен картасы көрініс тапқан.
Сырдың тумасы Сәбит Иманғалиев құрастырған кітап барша оқырман қауымға арналған.  Автордың мұнан өзге де «Орысша-қазақша сөздік», «Алматы көшелері», «Астаналардағы көшелер», «Қызылорда көшелері» (1998,2009) атты еңбектері де бар. Жалағаш ауданының құрметті азаматы атанған Сәбит Иманғалиев бұл еңбегінде Қызылорда қаласындағы 760 көшенің барлығын түгендеп шығуға екі жыл уақытын сарп еткенін айта кету керек. Осы уақыт аралығында автор ҚР Президентінің, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатынан, ҚР Ұлттық кітапханасынан, тағы басқа мекемелер мен жеке тұлғалардан бірқатар мәліметтер жинаған. 
Бүгінде қаладағы 760 көшенің жартысына жуығы кісі аттарымен аталса, олардың арасында батырлар мен билер, жазушылар және еңбек адамдары, белгілі қоғам қайраткерлері бар. Сонымен қатар Сыр бойына танымал 382 адамның өмірбаяны мен суреттері топтастырылып ұсынылған. Оқырман қауым әсіресе қала қонақтары мен жастар қала көшелерінің орналасқан аумағы мен оның ұзындығын, қазіргі және бұрынғы атауларын да осы кітаптан оңай таба алады. Үш тілде басылған кітап әзірге 500 данамен жарық көрді. Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласының көшелері туралы мәліметті толық қамтыған еңбек әр кітапхананың сөресінде, тіпті әр үйдің төрінде тұрса, жарасар еді. Автордың айтуынша, қалаға жаңадан қосылған ауылдардың кейбір көшелері енбей қалса, ол алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс. Сондықтан «Қызылорда көшелері» атты жинақтың жалғасын оқырман қауым асыға күтеріне сенім мол. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2016 г. 1 199 0