
Облыстық ішкі саясат және облыстық денсаулық сақтау басқармаларының ұйымдастыруымен қаладағы №3 және №6 емханаларда баспасөз туры өтті. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тұрғындардың скринингтік тексеруден өту барысымен танысты.
Скрининг бағдарламасы республикада 2008 жылдан басталып жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Скринингтік тексеру бойынша емханаларда аурудың белгіленген түрлерінен тұрғындарды жас ерекшеліктеріне қарай тексеруден өткізу көзделген. Ол ауруды ерте сатысында анықтауға, қатерлі ісік ауруларының алдын алуға мүм¬кіндік береді. Тексеру тегін жүргізіледі және белгілі бір аурулар бойынша 30-70 жасқа дейінгі адамдар шақырылады.
– Тұрғындардың көбі скринингті түсінбейді немесе қандайда бір ауру табылып қалар деген қорқынышпен тексеруден өтуге келгісі келмейді. Бұл, дұрыс емес. Мемлекет бізге тегін қаралуға мүмкіндік беріп отыр, оны жіберіп алмай, шақырылған уақытында емханаға келіп тексеруден өтсе дейміз. Себебі, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлде, қайда тиімді. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу, яғни, аурудан айығу да соншалықты жеңіл болар еді,– дейді мамандар.
№3 емхана бойынша ағымдағы жылы 36251 адамды скринингтік тексеруден өткізу жоспарланса, 9 айда 32189-ы өткен, бұл 88,8 пайызды құрайды. Олардың ішінде 674 адамнан түрлі аурулар анықталған.
Айта кету керек, емханада төрт денсаулық мектебі жұмыс жасайды. Сонымен бірге, электронды кезек жолға қойылған. Яғни, тұрғын үйінде отырып-ақ интернет арқылы өзіне қажетті маманның қабылдауына жазыла алады.
№6 қалалық емханада да скринингтік тексеру жұ¬мысы жолға қойылған. Бас дәрігердің орынбасары Күлмариям Тәшенованың айтуынша, скринингтен өткізу үшін тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, жұмыс істейтін адамдар емханаға сенбі күні шақырылады. Сол күні тиісті мамандар түстен кейін сағат 15.00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен бірге, тұрғындар өздеріне қолайлы кез келген уақытқа қажетті маманның қабылдауына egov немесе арнайы densaulyk.com. сайты арқылы жазыла алады.
Айнұр БАТТАЛОВА.