Облыс әкімдігінің «Теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол бойындағы тұтынушылар құқын қорғау туралы» берілген тапсырмасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатында БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Жалпы жыл басынан бері теміржол бекетінде 61 тексеру жүргізіліп, 21 кемшілік анықталған. Санитарлық тазалық, белгіленбеген орындарда сауда жасау, тағысы тағы бар. Оларға 1 миллион 600 мың теңге айыппұл салынған.
Пойыз келсе сатушылардың саудасы қызатыны түсінікті. Негізгі клиенттері де жолаушылар. Уақыт тығыз. Сондықтан санитарлық тазалыққа мән берместен тұтынушылар керегін алады. Жалпы заңсыз сауда жасаған 200 азаматқа айыппұл салынған. Тиісті мекемелер шағым түспесе тексермейді. Бірақта, тұтынушылар бұл тұрғыда шағым бере бермейтін болып шықты.
Қызылорда бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бөлімше бастығы Аққали Рысбаев, рейдтік тексерулер барысында заңсыз сауда, жолаушылардың тамақтан улануы, өнімдердің тұтыну мерзімдері өткен-өтпегені анықталмағанын айтты. Сондай-ақ, бекет айналасындағы дүңгіршектерге санитарлық бақылаулар орнатылған.
Ал билетсіз пойызға міну, вагондарда сауда жасау әлі де бар екенін тексерушілер растады. Белгі қойылмаған темір жолдан өтемін деп, опық жейтіндер аз емес. Тілшілер сұрағына жауап берген, желілік ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Ербол Әбдіраманов, жол қауіпсіздігін сақтамаған мың жарымнан астам адамға хаттама толтырылып, 27 малдың иесіне ескерту жасалғанын атап өтті.
Осы секілді кемшіліктерді жою мақсатында жұмыстар жасалып жатқанын жеткізген тексеруші топ алдағы уақытта жолаушылар мен тұтынушылардың құқығы бұзылмайтынына сендірді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.