Сарбаздар борышын абыроймен өтеуде

Сарбаздар борышын абыроймен өтеудеЕр жігіттің Отан алдындағы қасиетті парызы – әскери борышты өтеу десек, бүгінде Сырда туған ұлдарымыз әскер қатарында сенімді ақтап жүр. Оған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке әскери бөлімдерден келген хаттар дәлел. Одан әрі нақтылай түссек, өткен жылдың көктемгі-күзгі шақырылымында аймағымыздан Отан қорғауға аттанғандар ішінде 80 сарбаз саптан озып, үлгілі нәтижеге қол жеткізіпті. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының лауазымын уақытша атқарушы Марат Сүлеев айтып берді.
– Осы жылдың көктеміндегі әскери қызметке шақыру науқаны бойынша жоспар толығымен орындалды. Атап айтар болсақ, ҚР Қарулы күштеріне – 279, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне – 140, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 15 және ҚР Ұлттық ұланы сапына 309 жерлесіміз қабылданды, – дейді Марат Сатыбалдыұлы.
Сондай-ақ, ол күзгі шақырылымның ойдағыдай ұйымдастырылғанын, іріктелген 4021 азаматтың 749-ы әскери бөлімдер мен әскери құрылымдарға жіберілетінін айтты. Бүгінгі күні 41-і тиісті бөлімдерде қызмет етіп жүргенін жеткізген департамент басшысының міндетін атқарушы күзгі шақырылымның желтоқсанның 27-сіне дейін созылатынын мәлімдеді.
Әрбір азаматтың патриоттық тұрғыда тәрбиеленуін балалық шақтан қолға алудың маңызы ерекше. Сондықтан да, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәні жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс мектептері аталған пән бойынша кабинеттермен толық жабдықталған. Олардың әскери жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасалып отыр. Айталық, биыл 126 жас әскери оқу орындарының табалдырығын аттаған. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Марат Сатыбалды әскерге баратын жастағы жігіттердің денсаулықтары жөнінде де пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл орайда алаңдатар дәнеңе жоқ, жігіттердің дені Отан қорғауға жарап тұр.
Нағымжан САУЯЕВ. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2016 г. 627 0