Бірыңғай мектеп формасы туралы

Бірыңғай мектеп формасы туралыЕліміздегі оқушылардың білім ошағына діни атрибутты киімдермен келуіне заңмен тыйым салынған. Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз конференциясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді. 
Вице-министрдің айтуынша, биылдан бас¬тап міндетті мектеп формасы еліміздің 4761 мектебінде енгізілген. Бүгінгі таңда Қазақстандағы оқушылардың 76 пайызы мектептерде белгіленген форма үлгілерін киіп жүр. Сондай-ақ, Эльмира Амангелдіқызы білім беру ұйымдарында оқушылардың діни үлгіде киіну мәселесі жайында сөз қозғады. 
– Еліміздің Заңдарына сәйкес Қазақстанның бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады. Яғни, зайырлы сипаттағы мектептерде әлдебір дінді тікелей немесе жанама насихаттауға жол берілмейді, - деді ол.
2016 жылғы 14 қаңтардағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің № 26 бұйрығымен міндетті мектеп формасы үшін бірыңғай талап қоятын ережелер енгізіле бастады.  Онда мемлекеттік білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген ережелерді ұстану қажеттігі айтылған. Яғни, еліміздегі мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейдеден құралады (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Ұлдар мен қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
– Діни атрибуттарды, киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейді, бұған дейін де рұқсат берілмеген. Белгіленген киім үлгісін сақтау талаптары елімізде қабылданған зайырлылық, тең құқылық қағидаттарына негізделген мемлекет құрылысына сәйкес.  Аталған заң нормаларын орындау барлық конфессия мен этнос өкілдері үшін міндетті, - деді вице-министр.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің әкімшіліктері бекітілген киім үлгісін ұстануды және діни сипаттағы элементтердің болмауын талап ете алады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2016 г. 911 0