
«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифинг өтті. Онда «Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Берік Сарменбаев, Арал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бектемір Жұмағұлов және Қазалы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ардақ Жанұзақ жер қатынастары саласына енгізілген мемлекеттік қызмет көрсетудегі жаңа стандарттар жайлы айтып берді. Брифингте Берік Сарменбаев Қызылорда қаласында жер қатынастары саласы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жөнінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, Ұлттық экономика министрлігінің өткен жылғы 27 наурыздағы № 270, 271, 272 бұйрықтары негізінде жер қатынастары саласы бойынша стандарттар қабылданды. Осылайша Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 29 ақпандағы 375 қаулысымен жер қатынастары саласы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің регламенттері бекітілді, – деді Б.Сарменбаев. – Бүгінде жыл басынан бері тоғыз айдың қорытындысы бойынша 2412 тұлғаға қызмет көрсетілді. Оның ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2096 тұлғаға, қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы 316 тұлғаға қызмет көрсетілді.
Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттен көрсетілетін қызметтер 47 пайызға артып отыр, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі 86 пайыз, кеңсе арқылы көрсетілетін қызметтер саны 14 пайызды құрап отыр.
Ал Арал ауданында жыл басынан бері бөлім арқылы «Е-лицензия» және «ИИС ЦОН» электронды порталдарымен жалпы саны 498 мемлекеттік қызметтер көрсетілген. Оның ішінде Мемлекет және жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту қызметі бойынша 14 қызмет көрсетілсе, жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту қызметі бойынша 473 қызмет көрсетілген. Сол секілді жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру бойынша – 6, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру бойынша 3 қызмет негізінде аудан әкімідігінің қаулысы бекітіліп көрсетілуде. Сонымен қатар, түрлі себептермен 4 жеке және заңды тұлғалардың құжаттары өз өтініштерінің негізінде орындалудан бас тартылып, мерзімдерінен бұрын кері қайтарылған.
Ал Қазалы ауданында 2016 жылдың 9 айы бойынша «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет 243 болса, оның басым бөлігі, яғни 193-і ХҚКО арқылы өткен, қалған 50-не кеңсе арқылы қызмет көрсетілді. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің мерзімдерін сақтау бойынша ақпарат «Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау әдістемесінің» 7-қосымшасына сәйкес, ай сайын Қазалы ауданы әкімдігінің электронды әкімдікті дамыту және мемлекеттік қызметті мониторингілеу бөліміне ұсынылып отыр. Мемлекеттік орган мен ХҚКО арқылы көрсетілетін қызметтер мерзімдерінің бұзылуы болмаған.
Брифинг берушілер мұнан кейін журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптарын берді.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.