
Ұлттық экономика министрлігі және БҰҰ агенттіктері өкілдерінің қатысуымен кеше облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы үкіметі және БҰҰ бірлескен бағдарламасы комитетінің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Делегация өкілдері аймағымызда жүзеге асырылып жатқан "Экономикалық, әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғауда инновациялық тәсілдерді енгізу ар¬қылы облыс тұрғындарының, соның ішінде әлжуаз топ өкілдерінің әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту” атты біріккен бағдарламасының 2014-2016 жылғы бастамаларымен танысып, атқарылған жұмыстың нәтижесі мен әріптес ұйымдардың алдыңғы қатарлы тәжірибесін ескере отырып, алдағы уақытқа жоспарларды нақтылады. БҰҰ мен Үкіметтік құры¬лымның қарым-қатынас негізі, олардың жемісті нәтижеге қол жеткізуіне қажетті басты салалар туралы облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов тарқатып айтты.
– Жоғарыда аталған біріккен бағдарлама аймақ халқының өмір сүру сапасын көтеру мақсатында 2014 жылы қабылданып, БҰҰ жүйесінің 6 агенттігімен БҰҰ ДБ, ЮНФПА, БҰҰ-ның гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын, мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі құрылымы, БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі құрылымы және әлемдік денсаулық сақтау ұйымы арқылы жүзеге асырылуда. Ал биыл жергілікті өзін-өзі басқару жобаларын жүзеге асыруда облыстың барлық 7 ауданы қамтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында ауылдық кәсіпкерлер өз жобаларын іске асыру мүмкіндігіне ие болып, облыс қолөнершілері және омарташыларының жұмысын дамыту мақсатында бірқатар оқыту және қолдау жобалары іске асырылды, – деді Қ.Ысқақов.
Әрі қарай БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Шимомура Норимаса облыс әкімдігімен бірлескен бағдарлама аймақ дамуына ауқымды үлес қосатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, БҰҰ Даму бағдарламасы аясында еліміздің 3 облысында түрлі жобалар іске асырылуда. Олардың барлығы жаңашылдық сипатымен, тың идеяларымен ерекшеленеді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.