Сыр өнерпаздары өнерімен тәнті етті

Сыр өнерпаздары өнерімен тәнті еттіҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қызылорда облыстық филармония ұжымы біршама игі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі жақында олар еліміздің Ақтау және Атырау қалаларында «Туған жерім-Тұран далам» атты концертпен гастрольдік сапарда болып қайтты. 
Өнер ұжымын белгілі  «Тұран» триосы, шетелдіктерді ұлттық биімізбен тамсандырып қайтқан «Томирис» би ансамблі, халықаралық, республикалық додалардың жеңімпазы, жыршы Марат Сүгірбаев және әнші Бекзат Молдабергенов бастап барды. Алдымен олар Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы М. Өскенбаев атындағы облыстық  филармонияда ақтаулықтарға арнап концерт берді. Мұнан кейін Атырау қаласындағы Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда шараларын жалғастырды. 
Концертте «Томирис» би ансамблі «Тойбастар», «Хаман толғауы» мен түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билерін нақышына келтіре орындаса, «Тұран» триосы «Тұран дала», «Жібегім», «Махаббат әлемі», «Арайлы аруым», «Қазақ ұлдары», «Арайлым» секілді әндерді тамылжыта айтып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал, жыршы Марат Сүгірбайдың «Толғау», «Сыр сүлейлері» көрермендерге ерекше әсер етті. Сондай-ақ, жас орындаушы Бекзат Молдабергенов эстрадалық бағыттағы әндерін орындады. 
Сыр елінің өнерлі ұжымының концертіне жиналғандар алғыстарын білдіріп, ерекше қошемет көрсетті. Концерт соңы «Тұран» триосының «Атамекен» әнімен қорытындыланды.  
Сара АДАЙБАЕВА

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2016 г. 787 0