Медиация мәселесіне арналған кездесу

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты шеңберінде Қызылордада «Өзекті әлеуметтік мәселелерді медиация механизмдерін пайдалана отырып шешу» тақырыбында ҮЕҰ өкілдерінің кездесуі өтті. 
Грант иегері – «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ бүгінде халық бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтауда медиация институтының мүмкіндігін кеңінен қолдану, мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы маңызды серіктестік тетігі мен диалог аумағын дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруда. 
– Жоба аясында Қазақстанның барлық аймағында халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына арнап ақысыз құқықтық-медиаторлық көмек орталықтарын ашу, кәсіби және кәсіби емес медиаторларды оқыту жоспарланып отыр, - деді орталық басшысы Жанділдә Жақыпов. 
Кездесуде ҮЕҰ өкілдері зейнеткер, мүгедек, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер мен басқа да осал топтардың мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастырды. 
***
Қызылорда облысының мемлекеттік емес ұйымдармен "Өзекті әлеуметтік мәселелерді медиация механизмін пайдалана отырып шешу” тақырыбына арналған кездесудің екінші күнінде медиация туралы заңды кең көлемде насихаттау, ішкі істер органдарының жанынан медиатор кабинеттерін ашу, кәсіби медиаторларды дайындау секілді мәселелер көтерілді. Шара барысында "Арылу” қоғамдық қорының директоры Владимир Юн медиация – дауды шешудің қолайлы түрі екенін, ол философия, дін санатының жалпы алғанда қоғамдық өмірдің барлық көріністерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
– Медиациялық келісімге келудің нәтижесінде тараптардың уақыт пен қаржысы үнемделеді. Сонымен қатар аталған процесте жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Егер медиация заңы тиімді қолданылатын болса, онда сотқа арыз-шағымдар да азайып, судьялардың жүктемесіне салмақ түспес еді. Заң бойынша кәсіби және кәсіби емес медиаторлар дауды шешуде пәрменді жұмыс істеуі қажет деп есептеймін. Мұндайда медиатордың кәсіби болғаны дұрыс, – деді В.Юн.
Назерке САНИЯЗОВА,
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2016 г. 555 0