ЖЫЛАТТЫҢ... ТЕАТР!

ЖЫЛАТТЫҢ... ТЕАТР!Жастың аты жас қой! Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрына бардық. Зал толы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» пьесасын сахналады. Қоюшы режиссері – Жүргеновті биыл ғана бітіріп келген Ақтөре Оразалы есімді жерлесіміз. Жастық қолтаңбасы бірден байқалады. «Немен бітер екен?» деген ойдың жетегінде тұңғиығына тартып әкетті.
«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Әбден үлкейіп, жемістері көбейген соң ол «енді қожайыныма бұрынғыдан да көп алма берсем ғой» дейтін көрінеді. Бірақ бұтақтары...». Мәселе сонда! Әлсін-әлсін су құйып тұрмасаң, тал-дарақ қурап қалады. Тағылымды аңызға негізделген қойылым оқиғасы бастан-аяқ алма ағашының түбінде өрбиді. Арбаға таңылған баласымен ауылда қалған ананың туған күніне сырттағы ұл-қыздары түгел жиналды. Қарақан бастың қамын, күйбең тірлікті күйттеп кеткені сонша, олар тіпті қарашаңырақтың киесін ұмыта бастаған. Жалғызбасты ана мен кембағал бауыр сарыла күткендегі сенімді де ақтамады. Қуанышқа жайылған дастарқан басында арақтың буымен бір-біріне айтпағаны қалмады. Үлкен отыр демеді. Бала күнгі бауырмалдық, сыйластық, жанашырлықтың жұрнағы да байқалмайды. Бір-бірі үшін жүрегін жұлып беруге дайын бұрынғы бауырлар жоқ. Қазіргі қоғамдағы, көптеген отбасындағы кереғар тірлік атаулыны автор бір ғана дастархан басындағы сюжет желісіне сыйдыра білген. Спектакль туындының түпнұсқасындағыдай емес, басқаша аяқталды. Ана жүрегі көз алдындағы көрініске шыдай алмады. Оны өз балалары «өлтірді». Мейірімсіздігімен... 
Жас режиссер спектакльдің шешімін пьесадағыдай емес, басқаша құруды жөн көріпті. 
- Түпнұсқасы бойынша Мақсат (мүгедек жігіт – авт.) қайтыс болып, анасы тірі қалуы керек еді. Алайда, анадай сорақылықтан кейін мұның мүмкін емес екені анық. Ал Мақсатты өмірге құштарлығы, жүрегінің кеңдігі сақтап қалды, аяққа тұрғызды. Бауырлары, керісінше, мүгедекке айналды. Осы арқылы сананың тұнықтығы, жан дүниенің тазалығы адамды алға жетелейтінін жеткізгім келді. Өмірде материалдық байлықтан да маңызды дүниелер бар. Көрерменді ойландыра алсақ, мақсатқа жеткеніміз, - дейді Ақтөре Оразалы. 
Театрдың қоюшы режиссері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Маман Байсеркеновтің шәкірті. Еңбек жолында сахналаған алғашқы туындысын жүрекке жеткізу үшін театр ұжымының көп күш жұмсағаны көрініп тұр. Рольдерді Қазақстанның мәдениет қайраткері Алмагүл Артықбаева, Айгүл Байдалиева, Мөлдір Кенжалы, Қанат Архабаев секілді жас артистер  сомдады. Және өте сәтті алып шықты. Оны көрерменнің көзінен байқау қиын емес еді...
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2016 г. 1 525 0