
Осы аптада «Мұз айдыны» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден ел чемпионатының бірінші туры басталды. Тартысты бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа еліміздің бірқатар аймақтарынан келген жеті команда қатысып бақ сынауда. Үш турдың қорытындысы бойынша І орынды иеленген команда «Б» тобынан өтіп, Қазақстан чемпионатының «А» тобында өнер көрсетуге жолдама алады. Облысымызда аталған спорт түрі бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған ел чемпионатында қызылордалық "Қайсар” командасы да өнер көрсетуде. Жарыстың алғашқы күні "Юность-2” командасы "Алматы” командасына 1:5 есебімен есе жіберсе, "Горняк” командасы Ақтаудан келген "Каспий” командасын айқын басымдықпен жеңді. Тартысты бәсекеде жергілікті команда Сәтпаев қаласынан келген "Қазақмыс” командасымен жолығып, 7:6 есебімен жеңіске жетті. "Қайсар” командасы әзірге жанкүйерлер сенімін ақтауда. Ал сайыс қорытындысы 16 қазан күні белгілі болады.
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.