
Жуырда Қызылорда қаласындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балалар шығармашылығына арналған дәстүрлі ІХ «Бал бала – 2016» қалалық байқауы болып өтті.
Талантты бүлдіршіндерді сахнаға шығарып, көпшілікке паш ету мақсатындағы шараны облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы мен қала¬лық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Байқауда қаладағы бірқатар мектепке дейінгі білім беру орындарынан өнерлі балғындар қатысып, бақтарын сынады. Өнер додасы үш кезеңнен тұрды.
Байқау қорытындысында облыс орталығындағы «Алтын ұя» балабақшасының «Қарлығаш» ересектер тобы бүлдіршіндері Айзере Айбекқызы мен Әлішер Тыныштық жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені еншіледі. Талапкерлердің жеңіске жетуіне жәрдемдесіп би билеп, көрініске қатысқан өзге де балаларға көрермендер мен қазылар алқасы дән риза болысты.
Сондай-ақ, өнерлі өрендерді байқауға дайындап, олардың жеңіске жетуіне зор күш салған «Алтын ұя» балабақшасының меңгерушісі Зафура Ерназарова бастаған Зинаида Икрамқызы, Сәуле Ибрагимова, Гүлзинат Тілеуова, Қанткүл Аяпова, Ақманат Бегжанова және өзге де ұстаздар қауымына байқау ұйымдастырушылары мен ата-аналар алғыстарын айтты.
Барлыбек БАТЫР.