
Жаңақорған ауданындағы Жаңауыл елді мекенінің тұрғындары қашанда ынтымағы жарасқан, ырысқа кенелген қауым. Аға буын өкілдерінің өнегелі жолын бүгінгі ауыл жастары ардақ тұтып, елдіктің үлгісін паш етіп келеді. Ұйымшылдықтары талайға үлгі ауыл тұрғындарының ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері де көпке үлгі.
Өткен бір жиында ауыл жастары өзара пікірлесе отырып, «көпірді өз күшімізбен асарлатып, жөндеуден өткізейік» деген бастама көтерді. Ауыл іргесінен өтіп жатқан каналға салынған көне көпірдің әбден тозығы жеткен болатын. Айтылған ұсынысты ілкімді іске айналдырған ауыл жастары қалталарынан қаржы шығарып, көпірді жаңғыртуға жұмыла кірісті. Берік Оспанов, Мейрамбек Әлиев, Ержан Қасенұлы сынды азаматтар белсене атсалысып, «КамАЗ» жүк көліктерімен қажетті тас, құмдарын әкелді. Ал ауыл жастарынан жиналған қаржыға арматуралар мен бетон арасына салуға арналған тор сеткалар, 4 тонна цемент алынды. Көпір басындағы қайнаған қызу еңбектің ортасында қолына кетпен, күрегін ұстаған Бархия Сыздықов, Пернебай Әлиев, Бәйден Жадиков, Тұрғанбек Әлиев, Молдабек Бөлеков, Сайфулла Сыздықов, Әбілхайыр Алиакбаров секілді ауыл белсенділерінен бастап жастардың көбі қатысты.
Өткелді жөндеп, сауапқа кенелген жаңауылдық жастардың осындай өнегелі істері өзгелерге де үлгі-өнеге!
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.