Жария тыңдауда талқыланған жоба

Жария тыңдауда талқыланған жобаЖуырда «Ақпарат және коммуникациялар  мәселелері  бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» жобаның тұжырымдамасы қоғамдық талқылауға ұсынылған еді.  
Сырбойылық журналистер өткізген жария талқылау кезінде «БАҚ-тың жаңа түрлерін құқықтық реттеу», «Журналистік қызметті регламенттеу», тағы басқа баптар бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Қолданыстағы заңнама бойынша интернет-ресурс БАҚ-қа жатады. Интернет арқылы ақпарат тараудың жаңа технологиялары мен формалары пайда болғалы түрлі ресурстардағы ақпарат таратушылардың – блогерлердің қызметін заңнамалық реттеудің өзектілігі артып отыр. Заңнама қолданыстағы «интернет-ресурс» түсінігін «блогерлерге» сәйкес қайта қарастыруды ұсынады. Бұл отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес, әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігі ұсынылып отыр.
Қаламгерлер  «Журналистік қызметті регламенттеу» бабындағы  «Бұдан бөлек, журналистердің шынайы ақпаратқа жүгініп, ақпаратты тексеруі міндеттеледі. Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс» деген тұсты кеңінен талқылады. Журналистің шынайы ақпаратқа жүгінуі, оны тексеру керектігі дау тудырмайды. Бұл – бұрыннан келе жатқан қағида. Бірақ «жазбаша рұқсат алуға» қатысты мәселе журналистің жұмысына тосқауыл қояды. Қазіргідей ақпарат дәуірінде жазбаша рұқсат сұрауға уақыт мұрша бермейді. Тағы бір мәселе, «тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпарат» деген түсінік егжей-тегжейлі талданбаған.  
Журналистер М.Байназар, Қ.Есімсейітова, Н.Көбегенұлы, М.Жетпісбаев тілшілердің кәсіби қызметіне қатысты мәселелерге өз ойларын білдірді.
М.МЕРЕЙ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2016 г. 741 0