Академик атындағы конференция

Академик атындағы конференцияОблыстық медицина орталығында еліміздегі балалар хирургиясының білгірі, медицина ғылымының докторы, профессор, жерлесіміз Камал Ормантаевтың 80 жылдығына орай кеуде клеткасының туабітті деформациясы ауруына көрнекі ота жасалды. 
Бұл отаны Қызылордада алғаш рет А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім меңгерушісі Б.Шертаев жасады. Осы ауруға туабітті шалдыққан 15 жастағы Айжан есімді науқас отадан кейін өзін жақсы сезінуде. Жаңа технологиялардың көмегімен стернопластика әдісімен жасалған емдеу шарасының артықшылығы – денеде тыртық іздері қалмайды, науқас отаның ертеңіне аяғынан тік тұрып кетеді. Бұрын мұндай ота ұзақ күтім мен дәрігерлік бақылауды қажет ететін. 
Бір айта кетерлігі, енді қызылордалық дәрігерлер орнатылған жаңа құрылғылардың көмегімен мұндай отаны өздері де жасайтын болады. 
* * *
Сол күні медицина орталығының конференц-залында «Қызылорда облысындағы балалар хирургиясының даму жолдары мен күрделі мәселелері» тақырыбында ғы¬лыми-теориялық конференция өтті. 
Оған медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қызылорда облысы мен қаласының кұрметті азаматы К.Ормантаев, академик Т.Шарманов қатысты. Конференцияға жиналғандар балалар хирургі туралы деректі фильмді  тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тәуелсіздік жылдарындағы отан¬дық медицинаның қол жеткен табыстарын атап өтті.
Жас ұрпақ өмірінің арашашысы –  дәрігер Ормантаевтың шипалы қолынан дәру тапқандар саны бірнеше мыңдап саналады. Ол жасаған 14 мыңнан астам ота түрлі ауруға шалдыққан балаларға өмір, ата-аналарына үміт сыйлады. Қырық жылдан астам уақыттан бері еліміздің әр тарабына қанат қаққан профессордың шәкірттері қазір жер-жерде балаларды емдеп жүр. 
Конференцияда сөз алған К.Ормантаев облыс әкімінің ша¬қыруын қуанышпен қабыл алғанын, туған топырағы – Қармақшы ауданында жиі болатынын айтты. Кезінде дәрігер педиатрия және балалар хирургиясы орталығында қармақшылық балғындардың емделуіне жағдай жасаған. Туған жермен байланысын әлі күнге дейін үзген емес. 
– Қызылорданың күннен күнге көркейгеніне, өмір сүруге ыңғайлы қалаға айналғанына қуанамын. Бастысы – балаларымыз ауырмасын, бақытты болсын,– деді профессор. 
Конференцияда Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім меңгерушісі Б.Шертаев, ОМО балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі А.Нұрымов, балалар хирургі Ә.Төлегенов, неонатальды хирург Б.Маханбетияров баяндама жасады. 
М.МЕРЕЙ. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2016 г. 838 0