Халықаралық қарттар күнін облыс ардагерлері жиылып қарсы алды. Қаламыздағы «Меруерт» мейрамханасында бас қосқан ардагерлер қауымы төл мерекеге орай жайылған дастарқанның куәсі болды. Салтанатты шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қазыналы қарттарымызды құттықтап, үлкенін ұлықтаған елдің ісі алға басатынын жеткізді.
– Осыдан 26 жыл бұрын 1990 жылы БҰҰ сессиясында қабылданған бұл мереке – қарияларымызды ұлықтайтын атаулы дата. Қай елдің болмасын ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасу жолында аға буынның маңызы жоғары. Сол себепті де біз сіздерге қарыздармыз. Бүгінде 200-ге жуық мемлекет осынау күнді қарттарын құрметтейтін датаға айналдырған. Ал қазақ халқы үшін үлкенге құрмет көрсету – айнымас дәстүрге айналған. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді Р.Рүстемов.
Шара барысында жергілікті ақын-сазгерлердің ән-жыры орындалып, сырбойылық өнерпаздар өнер көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған хор ұжымы жанды дауыста ән шырқап, замандастарының көңілдерін бір серпілтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге орай ыстық ықыласын білдірді.
– Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын. Біз сол жолда тер төгуіміз керек. Негізгі міндеттеріміздің бірі – елде дау, сыртта жау болмауын қадағалау. Онан кейінгісі ұрпақтар сабақтастығы. Өзгеден биік тұрар қызметіміз – жастар тәрбиесі, келешектің тәрбиесі. Біз осыған мән беруіміз керек. Сол жастардың санасында салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткенімізді тірілту – біздің парызымыз, – деді С.Шаухаманов.
Облыс қарияларының басын қосқан салтанатты шарада ардагерлерге сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.
Дәулет ҚЫРДАН.