
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Жалаңтөс Баһадүрдің 440 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Домбыра-думан» атты аймақтық термешілер мен күйшілер байқауы өтті.
Мәдени шараны Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Әнес Дидаров құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпамыс Түрікпенәлі шараның мәні мен мағынасына тоқталды.
Қай халықта болмасын, өзінің атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық дәстүрлі өнері болады. Осындай киелі өнеріміздің бірі – қасиетті қара домбыраның рухын асқақтатқан термешілер мен күйшілер сайысқа түсті. Додаға Қармақшы, Арал, Қазалы ауданынан талапкерлер қатыстырылып, тартысты өтті. Әрбір қатысушы талапкерлер сайыста оқ бойы озып шығуға тырысты.
Арнайы бекітілген қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, аудандық оқушылар үйінің директоры, күйші Арман Әуез, аудандық әуез мектебінің оқытушысы, күйші-термеші Сандуғаш Бисенбаева, аудандық оқушылар үйінің домбыра үйірмесінің жетекшісі Мәди Тәңірбергенов болып, талапкерлердің өнерін сарапқа салды.
Бірінші бөлімде термешілер Тұрмағанбет, Балқы базар, Нұртуған, Қарасақал Ерімбеттің жыр-термелерін орындаса, екінші бөлімде күйшілер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерін күмбірлетіп, жиналған халықты бір серпілтіп тастады.
Нәтижесінде терме жанры бойынша бас жүлдені Арал ауданынан қатысқан Ғанибет Өмірзақ жеңіп алса, бірінші орынды қазалылық Олжабай Балмағанбетов, екінші орынды аралдық Жаңылсын Жәрменова, үшінші орынды қармақшылық Болат Баймұратов иеленді.
Күй жанры бойынша бас жүлдені аудандық әуез мектебінің оқытушысы Нариман Серімбетов, бірінші орынды Әйтеке би кенттік клубының домбыра үйірмесінің жетекшісі Асылбек Махамбетали, екінші орынды Басықара ауылдық клубының домбыра үйірмесінің жетекшісі Ақылбек Қосуақов, үшінші орынды аудандық мәдениет орталығының қызметкері Балқыз Өмірзақ иеленді.
Бекзат ҚАЗИҚЫЗЫ