
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жастар тәрбиесі. Жастарды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу, елдің келешегін нұрлы ету жолындағы ізгі қадамдардың бірі. Бұл мәселелер облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген жастармен кездесуде негізге алынды.
Ата дініміз хақ ислам хақында теріс діни ағымдарға тойтарыс беруге жастарды тәрбиелеу, оларды дұрыс бағытқа салуды мақсат еткен шарада облыстың белсенді жастары, оқу орындарының студенттері қатысты. Олар тек қана дін бағытында емес, рухани тәрбие жөнінде де мол мағлұмат ала білді.
– Қала әкімдігімен бірлесе өткізіп отырған бұл шара өскелең ұрпақты тек дін мәселесінде ғана емес тарих, руханият, мәдениет, өнер төңірегінде тәрбиелеу, оларды мазалайтын сауалдарға жауап беру мұратын алдына қойған. Біз бұған дейін балабақша қызметкерлерімен кездессек, бүгін студент жастармен жүздесіп отырмыз. Алдағы уақытта білім ошақтарындағы зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мұғалімдері мен оқушылардың пікірін тыңдайтын боламыз, – деді дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов.
Шара барысында жастар өңірдегі Өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Ашур Хамидов, «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Нұржанов, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Зағипа Төлепова тәрізді алдыңғы буын толқынның ақыл-кеңесін тыңдап, сұрақ-жауап алмасты.
Дәулет ҚЫРДАН.