«Алты Алаштың баласы басын қосса, төрдегі ең құрметті орын мұғалімге тиесілі» деген даналар сөзі. Тәмсілдің әлі күнге құнын жоймағанын нұротандықтар ардагер ұстаздарды ұлықтауымен көрсетті. Облыстық «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткізілген салтанатты жиында саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, бұл күнде бейнетінің зейнетін көріп жүргендер жиналды.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев сөз алып, ұлағаттылар қауымын құттықтады.
– Қарттарын құрметтеген елдің мәртебесі биік, рухы асқақ болатынын Елбасы қашан да айтып келеді. «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деп Ж.Руссо айтқандай, адам жанына сәуле құйып, санасына нұрын шашатын да сіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін, – деді И.Құттықожаев.
Жиында ардагер ұстаздарға сый-сыяпат көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды. Ардагерлер қауымы ұстаздарға құрмет көрсеткен көшбасшы партия қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.
– Бүгінгі шара – ұстаздарды ұлықтаудың бір парасы ғана. Біздің жұмысымыз мектептен тәмамдалған жоқ. Керісінше, енді басталды. Біз ұлт тәрбиесімен айналысуымыз керек. Басымыздан өткен қиындықтар қазіргі оқушыларға ертегі секілді. Бүгінгі балалар бақытты, оларға қарап біз де бақыттымыз, – деді ардагер ұстаз Б.Қалназаров.
Ардагерлерді құттықтау шарасына партия қызметкерлерімен қатар оқу орындарының студенттері де қатысып, ұстаздардың айтқан өнегелі кеңестерін көңілге тоқып қайтты.
Дәулет ҚЫРДАН.