Төраға тағайындалды

Төраға тағайындалдыСейсенбіде Қызылорда облыстық сотының мәжілісінде ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі Әділ Құрықбаев облыстық сот ұжымына ҚР Президентінің №342 Жарлығымен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасына тағайындалған Бақытжан Мүсілімбекұлы Қалымбетті таныстырды.
Таныстыру рәсіміне облыстық әкімдік, қалалық әкімдік, мәслихат өкілдері, Қызылорда облыстық соты жанындағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңес төрағасы, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік, облыстық сот төрағалары мен судьялар қатысты.
Жиынды Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қайрат Адранов жүргізіп, алғашқы сөзді Жоғарғы сот судьясы Әділ Құрықбаевқа ұсынды.
– Қазақстандағы сот жүйесі бүгінгі таңда жетілу, өсу үстінде. Оған Елбасы тапсырмасына сәйкес, қабылданып жатқан заңдар мен Қазақстандағы соттың үш сатылы жүйеге көшуін айтуға болады. Еліміздің әрбір азаматы әділдік таппаған жағдайда сотқа келеді. Сондықтан, әрқашан әділдік туын биік ұстап, халқымыз үшін аянбай тер төгуге тиіспіз. Елбасы Жарлығына сәйкес, жаңа лауазымға тағайындалып отырған Бақытжан Мүсілімбекұлы барлық сатылардан өткен, өзіне артылған сенім үдесінен шығады деп сенеміз, - деді Жоғарғы сот судьясы.
Сонан соң, Қызылорда облыстық соты жанындағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңес төрағасы сөз сөйлеп, қызметіне сәттілік тіледі.
Бақытжан Қалымбет бұған дейін қалалық №2 сот төрағасы қызметін атқарып келген-ді. Сот әділдігін жүзеге асыруда жоғары жетістіктерге жеткені үшін Жоғарғы Сот төрағасының Алғыс хатымен, ҚР Судьялар Одағының «Үш би» Құрмет белгісімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2016 г. 734 0