Ұлттық өнерді дәріптеген шара

Ұлттық өнерді дәріптеген шараОблыстық Азаматтық Альянс қауымдастығының «Әлеумет» жобасы аясында «Қарлығаш» шеберлер орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі "Ұлттық болмысымызды, ұлттық өнерімізді қадірлейік!” тақырыбында мәдени шара ұйымдастырды.
Қылқалам және қолөнер шеберлері, облыстағы қоғамдық қор өкілдері мен студенттер қатысқан шарада халқымыз қастерлеген ұлттық өнердің тәрбиелік маңызы айқындалды. Аға шеберлер жастарға шеберлік кластарын көрсете отырып, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар халқымыздың қалыптасқан тарихи қазынасы, мәдени мұрасы туралы терең ойлар қозғалды.
– Еліміз өз алдына шаңырақ  көтеріп, тәуел¬сіздігін  алғаннан кейін оралмандар елге орала бастады. Мен де сол көшпен ілестім. Содан соң туған елімде қазақ қолөнерін дамытуды алдыма мақсат етіп қойдым. Қазіргі таңда  «Қарлығаш» шеберлер орталығы Қазақстан қолөнершілер одағының  Қызылорда облысындағы өкілі болып табылады. Орталықта  қолөнер шеберлерінің бұйымдарының  сапасын  арттыру барысында  бірнеше  жобалар  іске асырылуда.  Соның  нәтижесінде  шағын тігін цехы да ашылды. Алдағы жоспарым – халықаралық "Экспо-2017” көрмесіне қазақ елінің болмысын көрсететін бұйымдар дайындау, – дейді орталық төрайымы Қарлығаш Ілиясова.
Шара барысында қазақ халқының күйшілік, жыраулық өнері дәріптеліп, ұлттық ойындар мен қазақтың тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністер көрсетілді. Тәрбиелік маңызы зор шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. 
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қазан 2016 г. 596 0