Кеніштің өндіріс қуатын арттыру – күн тәртібінде

Кеніштің өндіріс қуатын арттыру – күн тәртібіндеБүгін Қызылорда облысының әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің төрағалығымен Шалқия кенішін кеңейту жобасына байланысты банктік ТЭН-ге жасалған экологиялық-әлеуметтік бағалау материалдарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, «ШалқияЦинк ЛТД», «Эколайн» компанияларының өкілдері қатысты. 
Жаңақорғанның Шалқия кенішінде қорғасын-мырыш өндірісін кеңейту бойынша бағалау жұмыстары аталған жобаны жүзеге асыру үшін займ тарту мақсатында халықаралық қаржы институттарының, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің талаптарына сай жүргізілді. Мамандар кеніште қалыптасқан жағдайды, жоба жүзеге асқан кездегі оның оң және теріс ықпалын таразылауға күш салды. Бағалау қорытындысына қарай жергілікті тұрғындарға, жұмысшылар мен қоршаған ортаға жағымсыз әсерін болдырмау немесе жеңілдету туралы ұсыныс білдірді. Нәтижесінде ЕҚДБ алдындағы барлық міндетті уақытылы орындау қажеттілігі көрсетіліп, экологиялық және әлеуметтік шаралар, мүдделі тараптармен ықпалдастық, экологиялық-әлеуметтік менеджмент жоспарлары әзірленіп, бекітілді. 
Дөңгелек үстел барысында «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ басқарма төрағасы Болат Мінайдаров өндіріс қуаттылығын арттыру жобасына тоқталса, ресейлік «Эколайн» экологиялық бағалау орталығының бас маманы Татьяна Лапердина бағалау есептемесімен таныстырды. 
Қатысушылар жиын соңында «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның даму жоспары жөнінде өзара пікір алмасты. 
Н.ИБРАШТЕГІ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2016 г. 610 0