
«Үздіксіз кәсіби білім берудің проблемалары мен келешегі». Дәл осы тақырыпты арқау еткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Байзақ Көпірбайұлы Момынбаевты еске алуға және 70 жылдығына арналады.
Ауқымы кең шараны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұйымдастырды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы, оқу орнының ғалымдары мен білім алушылары және Байзақ Көпірбайұлының әріптестері мен замандастары қатысты.
Конференцияны университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов ашып, Байзақ Көпірбайұлының өнегелі өмір жолына тоқталды.
Басқосу барысында конференция мазмұнын ашатындай баяндамалар жасалды.
Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев өзінің еңбек жолын қатардағы инженер-механиктен, ұстаздықтан бастап, кафедра меңгерушісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім Академиясы кәсіптік білім институты директорының орынбасары, директоры, осы Академияның вице-президенті, Президенті, ҰҒА-ның ғылыми кадрлар басқармасының бастығы, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне дейін көтерілді. Ғылымға қосқан елеулі үлесі үшін 2009 жылы Елбасымен жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Сырдария ауданының «Құрметті азаматы».
Жиынға көрнекті ғалымның ұлы, «Samruk Green Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, экономика ғылымдарының докторы Жомарт Байзақұлы Момынбаев қатысты. Ол әкесінің білімге құлшынысы жоғары адамдарға көзқарасы түзу болғанын айтты. Сондай-ақ конференцияны өткізіп жатқан оқу орнының ұжымына және соған ұйытқы бола білген университет ректорына өз алғысын білдірді.
Конференция соңында университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы ғибратты ғұмыр иесіне арнаған өлеңін оқыды. Бір мектепке Байзақ Момынбаевтың есімін беруге ұсыныс жасады.
ҚМУ-дің баспасөз қызметі