
"Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында тіл жанашыры Бексұлтан Жұмабеков атындағы «Мемлекеттік тілім – мерейім» атты мектеп оқушылары арасында мүшәйра өтті. Жыр кеші «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен «Ұлы дала елі» партиялық жобасы аясында үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық филиал төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов мүшәйраның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін жылдағы дәстүр бойынша Бексұлтан Жұмабеков атындағы мектеп оқушылары арасында «Мемлекеттік тілім – мерейім» атты мүшәйраның ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Әрине, «Нұр Отан» партиясы өзінің Саяси Доктринасында тіл тазалығын сақтау, жастардың бойына елге, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру, оларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу сынды мақсат-міндеттерді айрықша бекіткен. Сонымен қатар, еңбектеген баладан еңкейген қарттарымыздың хал-жағдайын бағамдап, әлеуметтік және рухани қолдау көрсету бағытында түрлі партиялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі шара да «Ұлы дала елі» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылуда, – деді Ә.Ерсұлтанов.
Айта кетейік, тіл жанашыры атындағы мүшәйраға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 8-10 сынып аралығындағы 121 жас ақын өз шығармаларын ұсынған болатын. Әділқазылар алқасының таразысынан сүрінбей өткен шығар¬ма иелері қатысуға жолдама ал¬ды. Шара барысында былтырғы балғындарымыз бен бүгінгі жас ақындарымыздың шығармашылық қабілеті төңірегінде қазылар алқасының төрайымы Қаршыға Есімсейітова өз ойын білдірді.
Мүшәйрада жас ақындар өз өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрер¬мендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланған бір¬қатар шығарма иелері жеңімпаз деп танылды. Қорытындысында бас жүлдені Сырдария ауданынан келген Рүстем Қабылбеков иеленді. Ал I орынды Жалағаш ауданының жас ақыны Абат Нұржігіт жеңіп алса, келесі орын Арал ауданының 10-сынып оқушысы Гүлсая Әбекеноваға бұйырды. Сондай-ақ, Жалағаш ауданынан келген тағы бір жас ақын Думан Батылжанұлы мүшәйраның ІІІ орын иегері атанды. Үздік деп танылған басқа да шығарма иелері арнайы алғыс хаттарға ие болды.
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.