
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль болып өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, аймақтағы зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының басшылары, мұнай компаниялары мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов барша жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Қазақ тілі – ата-бабамыздан беріліп келе жатқан үлкен мұра. Оның қасиеті мен қадірі баға жетпес байлық. Ол баршамыздың бойымызға ана сүтімен дарып, сіңеді. Мемлекеттік тіліміздің одан әрі дамып, өркендеуі үшін баршамыз өз үлесімізді қосудан жалықпауымыз керек,-деді облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов.
Мұнан кейін фестивальда облыстағы бірқатар тіл жанашырлары Қазақстан халқы Ассамблеясының құттықтау хатымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, облыстың Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер арасында өткізілген «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық байқауының жеңімпаздарына да Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Өткізіліп отырған шара мерекелік шашу ретінде концерттік бағдарламаға ұласты. Онда этномәдени бірлестіктер өздерінің ән-билерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, облыстық филармония әншілері мен «Тұран» триосы ән-жырдан шашу шашты.
Шараға жиналғандар «Тіл – ұлттың рухани қазынасы» атты кітап көрмесін де тамашалады.
Жалпы, тіл мерекесіне орай облыста түрлі-іс шаралар жоғары деңгейде аталып өтілді. Мәселен, отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылында «Тілді сүю – талбесіктен» акциясы өтсе, облыстық білім басқармасының мамандары, тіл жанашылары, мектеп директорлары мен тілдерді дамыту орталығының қызметкерлерінің қатысуымен «Үш тілді білу – заман талабы» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясына көпшілік белсенді қатысты.
Фестиваль тіл жанашырларының ұранына айналған «Жаса, жаса, қазақ тілім» патриоттық әнімен қорытындыланды.
Сара АДАЙБАЕВА.