Ауданның құрметті азаматы атанды
Жақында бір топ азаматтар «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл марапатты аудан әкімі Мархабат Жайымбетов салтанатты жағдайда табыс етті.
Кезінде ұзақ жылдар бойы қалалық көпсалалы кәсіпорында қызмет атқарған Тұрсын Сейіткереев, Арал ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қазалы ауданы әкімі болған, қазір облыстық жылжымайтын мүлік орталығының директоры Болатбек Пұсырманов, облыс әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласының әкімі болған, бүгінгі күні «Арал салынып жатқан кәсіпорындар бірлескен дирекциясы» филиалының директоры Имамадин Оңғарбаев осындай құрметке бөленді.
Осындай марапат Сырдария ауданында да жасалды. Олардың қатарында «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағына оқу-ағарту, партия қызметтерінде жемісті еңбек еткен Рақымжан Бәйменов, қарымды қаламгер Мұхтар Сақтапов, майталман малшы Әбілжаппар Сырлыбаев, Кеңес одағы Жоғарғы кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланған Бексұлу Синаева, күріш бригадирі, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Райкүл Жалғасбаева бар.