Сыр сақшылары «Жігіттің сұлтанын» анықтады

Сыр сақшылары «Жігіттің сұлтанын» анықтадыПолиция қызметкерлері халықтың санасында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты ашу, құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау сынды міндеттерді жүзеге асыру барысындағы кәсіби біліктілігімен жатталып қалған. Одан бөлек олардың бойында нағыз ер жігітке тән дарыны мен өнері, ептілігі мен тапқырлығы,  қайсарлығы мен ұлттық салт-дәстүрді қастерлейтін тектілігі бар екенін көбісі біле бермейді. Осы мақсатта, Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті «7 мамыр - Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр - Ұлы Жеңістің 71 жылдығына» орай полиция қызметкерлері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастырды. Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.

 Байқауға департаменттің қызмет салалары мен қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінен 9 жігіт қатысты. Сайыскерлер байқау шартына сай «Таныстырсам өзімді», «Сегіз қырлы бір сырлы», «Күш атасын танымас», «Калашников автоматын уақытқа бұзу және қайтадан жинау», «Ескірмейтін есті сөз», «Қазақ батырлары бойынша көрініс» сайыстары бойынша білімдерін мен біліктерін, күш-жігерлерін сынға салды. Ал сынаққа  Кадр жұмыстары басқармасының бастығы Мұхтар Әбілдаев, Штаб басқармасы бастығының орынбасары Болат Кабизов, Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Сәуле Әбдәмитова, Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Гүлжахан Қайырбергенова, Қызылорда облыстық филормания директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова сынды мүшелерден құралған әділқазылар алқасы төрелік етті.

Байқаудың шымылдығын әділқазылар алқасының төрағасы, Қызылорда ОІІД Кадр жұмыстары басқармасының бастығы полиция полковнигі Мұхтар Әбілдаев ашып, сайысқалы жатқан нар тұлғалы Сыр сақшыларына сәттілік тіледі. Байқау өте тартысты өтті. Сайыскерлер «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, би де билеп, ән де айтып, күш те сынасып, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылардан де хабардар екендіктерін дәлелдеп, білігі мен білімін де сынға салып, нағыз қазақ жігіттеріне сай тамаша өнер көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Сырдария  аудандық ішкі істер бөлімі Кадр жұмысы тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Айдос Алматов жеңіп алды. Ал І орын иегері болып Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция тобының қатардағы полицейі Абзал Есенбеков танылса, ІІ орынды Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің   Ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы полиция  аға лейтенанты Самат Мыңбаев қанжығасына байлады. ІІІ орынға Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі Техникалық қызмет тобының есеп технигі полиция аға сержанты Нұрбек Алмағанбетов тұрақтады. Сонымен қатар, байқау шеңберінде өнері  мен дарыны қатар ұштасқан полиция қызметкерлері түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Әділқазылар алқасының шешіміне сәйкес, «Сегіз қырлы бір сырлы сұлтан» аталымына Жалағаш АІІб-нің Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі полиция лейтенанты Нұрболат Аймұратов лайық деп танылды. «Күш сұлтаны» аталымы бойынша Арал АІІб-нің Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция тобының полицейі полиция сержанты Айдос Алдамбергенов, «Өнерлі сұлтан» аталымы бойынша Қызылорда қалалық Ішкі істер  басқармасы жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Нұрзат Жаңабекұлы, «Сәнді сұлтан» аталымы бойынша ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы Өкілдігі кезекші бөлімінің жүргізушісі-полицейі полиция сержанты Тұрмағанбет Дошымов, «Тапқыр сұлтан» аталымы бойынша Жаңақорған АІІб Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі полиция  лейтенанты Қанат Оспанов марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2016 г. 737 0