
Қызылорда облысы аусыл дерті бойынша
буферлік аймақтан шықты. Енді Сыр өңірі шет мемлекеттерге етті
экспорттай алады. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек
Көшербаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Сыр өңірінде іске асу
барысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
-
Бұл бізге мал шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта
өңдеу өрісін кеңейтуге және ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді, -
деді аймақ басшысы.
Облыс
орталығында тәулігіне 3 тонна ет өнімдерін өндіретін фабрика, Сырдария
ауданында 5 мың бас қой өсіруге арналған кешен және 10 мың бас малға
арналған бордақылау алаңы, жылдық қуаты 250 тонна болатын ет комбинаты
салынуда. Бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп
жоспарланып отыр.
Қытай
инвесторларымен бірге Қызылорда қаласында түйе сүтін өңдейтін зауыт
құрылысын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Нысанның құрылысына қажетті
құжаттар дайын.
Қазақстан
мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде
Жаңақорған ауданында томат пастасын өндіру кешенін құру жобасы жүзеге
асырылуда.
Бүгінгі
таңда, қызанақтың оңтайлы түрін анықтау үшін қытайлық инвесторлармен
(«Сofco» компаниясы) бірлесе отырып 2 гектар жерге томаттың түрлі
сорттары егіліп, эксперимент жұмыстары басталып кетті. Ал келер жылдан
бастап бұл тәжірибе 4 мың гектар жерге дейін ұлғайып, бұйырса жылдық
қуаты 15 мың тонна болатын томат өндіру зауыты іске қосылады.