Мал ұрлығымен айналысқан 10 қылмыстық топ ұсталды

Мал ұрлығымен айналысқан 10 қылмыстық топ ұсталдыҚызылорда облысында тәртіп сақшылары мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, жолын кесу, болдырмау бағытында біраз жұмыстар атқаруда.

Нәтижесінде, 2016 жылдың үш айы ішінде (2 ай 27 күн) өңірде мал ұрлығының тіркелуі былтырғы жылмен салыстырғанда 20,1 пайызға, яғни 329-дан 263-ке төмендеген, деп хабарлады ОІІД баспасөз қызметінен.

Мал ұрлықтарының алдын алу және мал ұрлығын жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оларды ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында ағымдағы жылдың 24-26 ақпан аралығында облыс көлемінде «Соғым» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында, бұрын жасалған 5 мал ұрлығы ашылса, «өткен жылғы» 2 мал ұрлығы ашылды.

Бүгінгі таңда, облыс көлемінде мал ұрлығымен айналысатын 10 қылмыстық топ ұсталып, олармен жасалған 20 мал ұрлығы қылмыстары ашылды.

Ал Жаңақорған ауданының өзінде, мал ұрлығын жасағаны үшін 1 адам ұсталып, оның 8 мал ұрлығын жасағандығы анықталып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Соңғы 3 жылда, яғни 2013 жылдан бері мал ұрлықтарының тіркелуіне талдау жасау барысында, ең көбі Қазалы ауданында тіркелетіндігі белгілі болды.

Сонымен қатар, Арал, Сырдария, Жаңақорған аудандарында да мал ұрлықтарының тіркелуі азаймауда.

Мал ұрлықтарының өсім алуының негізгі себептерінің бірі - тұрғындардың малдарын бақташысыз өріске жіберуі мен малдарының жоғалғаны туралы кеш хабарлауы болуда.

Оған дәлел өткен жылы, яғни 2015 жылдың 12 айында тіркелген 848 мал ұрлығының 532 дерегі немесе 62,7 пайызы өрісте бақташысыз, қараусыз жіберуінен орын алған болса, ағымдағы жылдың 2 ай 27 күнінде тіркелген 263 мал ұрлығының 192 дерегі яғни, 71 пайызы өрісте орын алған.

Яғни, облыс көлеміндегі 147 ауылдық округ болса, оның тек 64-де ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған.

Сондықтан, малдардың барымташыларға қолды болмауы және белгіленген жерлерде олардың еркін жайылуы үшін ауыл тұрғындары арасынан кезекпен немесе пада арқылы мал бағу мәселесін бір жолға қою қажет.

Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға малды таңбалау, сырғалау мәселесіне де қатаң көңіл бөлген жөн.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар әзірлеген Бөтен мүлікті ұрлаудың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен осы жоспарға сәйкес іс-шаралар атқарылатын болады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2016 г. 900 0