
Бүгін Сыр елінен «Қызылорда-Жезқазған» бағытына қатынайтын алғашқы
жолаушылар пойызы жолға шықты. Айта кетейік, бұл жоба «Нұрлы жол»
бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
«Қызылорда – Жезқазған» пойызы былтыр ғана қолданысқа берілген
«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» жаңа теміржолы үстімен жүреді. Жаңа пойыз
Қызылорда облысының солтүстігінде орналасқан 65 станция арқылы өтеді.
Енді қызылордалықтар Сарыарқа өлкесіне бір тәулік ішінде пойызбен
тікелей бара алады.
- Елбасы бастамасымен темір жол, көлік жолдары құрылыстарының
жүргізілуі мемлекетіміздің, қала берді облыстардың бірі-бірімен
сауда-саттығын, барыс-келісін, алыс-берісін, экономикалық байланыстарын
нығайтып, халықтың тұрмысын түзейтін болады. «Қызылорда – Жезқазған»
пойызының қатынауы Наурыз қарсаңында Сыр жұртшылығы ғана емес екі
арадағы қаншама халық үшін шын мәнінде үлкен сый болды, - деді облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев.
Жаңа жолаушылар пойызы 5 вагоннан тұрады. Билеттердің де бағасы
тиімді. Мәселен, жолаушы Баян Әлімова бұрын Жезқазғанға автобус арқылы
қатынаған. Ол темір жолдың тиімді тұстары көп екендігін айтады.
– Әсіресе, қысты күндері қиналатынбыз. Жезқазғанның жолы қауіптірек
болатын. Енді бұл қиыншылықтар артта қалды. Енді пойызбен еш уайымсыз
Жезқазғанға қатынайтын болдық, - дейді жолаушы Баян Әлімова.
Айта кетейік, екі өңір арасындағы байланысты нығайту мақсатында
биыл «Қызылорда-Жезқазған» арасындағы жолды асфальттау жұмыстары
басталады.