Қызылордада екі адамнан киік мүйізі тәркіленді

Қызылордада екі адамнан киік мүйізі тәркілендіҚызылорда облыстық ІІД-нің Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері киікті қорғау бағытында өткізген рейдтік жұмыс барысында заңсыз аң аулағандарды қолға түсірді. Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.

29 ақпанда сағат 12.00-де полиция қызметкерлері күдік тудырарлық азаматты тоқтатып, тексеру барысында құжаттары жоқ екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, қолындағы полиэтилен пакетін тексеру кезінде пакеттің ішінен бірнеше киік мүйізі табылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Дәл сол күні кешке осындай оқиға қайталанды. Қызылорда қаласы «Сырдария» шеп бекетінде рейд өткізу барысында «Ауди-100» маркалы автокөлік тоқтатылды. Тексеру жүргізу барысында көлік жолаушысының қолындағы пакетінен 7 киік мүйізі анықталды. Оқиға басына жедел-тергеу тобы шақыртылып, мүйіздер айғақ ретінде алынды. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Егер де, ұсталған азаматтардың ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша кінәсі толық дәлелденген жағдайда, оларға 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру  жазасы берілуі мүмкін.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2016 г. 1 107 0