Аралда балық зауыты ашылды

Аралда балық зауыты ашылдыБүгін Арал ауданында Қарашалаң балық сервистік-дайындау орталығы жұмысын бастады.Зауыттың жылдық балық өңдеу қуаттылығы 3000 тоннаға есептелген. Мұнда 50-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Зауыттың жұмысымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев танысып, балықшылармен кездесті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.

Цехтың материалдық техникалық базасы - тоңазытылған балықты 300 тоннаға дейін сақтай алады. Ал, балықты тез қатыратын мұздатқыш құрылғысы тәулігіне 50 тоннаға дейін қабылдайды. Айта кетейік, сервистік кешен құрылысы жеке құрылтайшылардың қаржысы есебінен салынған.

- Соңғы жылдары облыстағы балық шаруашылығы тез дамып, аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналып келеді. Өткен 3 жылда балық аулау 2 мың тоннаға немесе 30 пайызға көбейді. Бұл Кіші Арал жобасының алғашқы кезеңі сәтті аяқталуымен тығыз байланысты. Енді біз балықты тек аулап қана қоймай оны өңдеуді дамытуымыз қажет. Соның нәтижесінде сыртқы нарыққа тек өңделген өнім шығаратын боламыз, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Өткен жылдың өзінде облыста 8,4 мың тонна балық ауланды. Соңғы екі жылда балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға, оның ішінде Евроодақ елдеріне - 2 есеге өсті. 2015 жылы құны 4,6 млн. АҚШ долларын құрайтын 867 тонна балық Европа елдеріне және құны 202 мың АҚШ доллары болатын 920 тонна өнім Ресейге жөнелтілген.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2016 г. 1 159 0