ДАРХАН ДАЛАДАН ПАНА ТАПТЫҚ

ДАРХАН ДАЛАДАН ПАНА ТАПТЫҚЖақында Елбасы 1 наурызды "Алғыс айту күні” деп белгілеп, арнайы Жарлыққа қол қойды. Бұл мереке менің көңіліме үлкен қуаныш ұялатты. Өйткені Қазақстанда тұрып, мамыражай күн кешіп жатқан әрбір ұлттың көкейінде қазақ халқына деген ризашылық сезім тұнып тұр деп ойлаймын. Соның ішінде біздің месхеттік түрік ұлты өкілдері атынан шын жүректен айтар алғысым шексіз. Өйткені басымызға қиын-қыстау күн туған шақта біз осы бір кең даладан пана, қонақжай, мамыражай қазақтардан мейірім көрдік.

Менің ата-анам 1944 жылы 17 желтоқсанда Қап тауынан осында жер аударылып көшіп келіпті. Міне содан бергі 72 жыл бойы қазақ халқымен бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бәріміз бір ананың баласындай, Сыр топырағына сіңісіп кеттік. Осыдан-ақ қазақ халқының жомарттығы мен дархандығын аңғаруға болады.

– Біздің аман-есен тірі қалуымыз әуелі Құдайдың, екінші қазақтардың бауырмалдығы, жетім мен жесірге, біз секілді жер ауған халық өкілдеріне достық қолын созуының арқасы, – дейді әкем Сейфо. Оны осы топырақта туған біздер де жақсы сезінеміз. Сол үшін де қазақ халқы алдында борыштармыз, оларға айтар алғысымыз да шексіз.

Міне, биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл болады. Осы аралықта бізді ұлтқа бөліп, қол шошайтып, "елдеріңді табыңдар” деген адам болған емес. Өзіміз еркін білім алып, қалаған кәсібімізбен айналыстық. Салт-дәстүрімізді сақтап қалуға да кедергі жоқ. Енді бүгінде балаларымыз білім алып, қазақтан дос тауып, туған бауырлардай араласып кетті. Тіпті үйімізде қазақтың кейбір салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық тағамдарын сүйсіне жейміз.

Тұрмыс-тіршілігіміз де жаман емес. Қалаған кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Мен секілді іс бастап, жетістікке жетіп, осы топырақта өсіп-өніп отырған талай ұлттың өкілін аңғаруға болады. Мұның бәрі елдің кемеңгер басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған сарабдал саясатының арқасы десем, артық айтқандық емес. Сондықтан бізді сыртқа теппеген, шеттетпеген жүздеген ұлт пен ұлыстарға төрінен орын бергенқазақ халқына мың алғыс айтамын.

 

Амурша БАЙСАЛОВ,

жеке кәсіпкер,

Жаңақорған ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 ақпан 2016 г. 975 0