15 КҮНДЕ – 51 ҚЫЗМЕТ

15 КҮНДЕ –  51 ҚЫЗМЕТЖаңа жылдың басынан бері қызылордалық кәсіпкерлер арасында мемлекеттік сатып алуға қатысты қызмет түрі сұранысқа ие болып тұр. 15 күннің өзінде елуден астам кәсіпкер Қызылорда облысы кәсіпкерлік палатасының қызметіне жүгінген.

 

Осы ретте, палата мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуда кемшіліктерге жол бермеу үшін бизнес өкілдерінің басын қосып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңын түсіндірді.

Кәсіпкерлердің көбісін мемлекеттік сатып алудағы техникалық ерекшеліктерге қатысты мәселелер мазалайды екен. Палата кеңесшісі Ғазиз Бисембаев заңдағы жағымды жаңалықтарды жеткізді.

– Заңның жаңа редакциясына сай техникалық ерекшелікті алдын ала талқылау институты енгізілді. Бұл әлеуетті өнім берушілерге техникалық ерекшелікпен алдын ала танысуға және қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманың орындалуы қиын шарттарын даулауға мүмкіндік береді, – дейді Ғ.Бисембаев.

Мұнан өзге, заң бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау мерзімі аяқталған соң құжаттарды қарауға жол ашылды. Дәлірек айтқанда, енді сатып алуға қатысушылар бәсекелестерінің қандай құжаттар салғанын көре алатын болды. Бұл тапсырыс берушілер қабылдаған шешімдердің негізділігін бағалауға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, тапсырыс беруші бұдан былай нақты себептерін көрсетпей, өтінімдерді кері қайтара алмайды. Егер өтінім берушінің құжаттары талапқа сай келмесе, тапсырыс беруші оның себебін егжей-тегжейлі дәлелдеуі қажет. Бұл талап орындалмаса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сай лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады.

Жаңа заңның тағы бір жаңалығы бар, яғни мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілі – алдын ала біліктілікті іріктеу конкурсы енгізіліп отыр. Конкурстың бұл түрімен сатып алу екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады: бірінші кезеңде уәкілетті орган Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және өзге коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен білікті өнім берушілер тізілімін қалыптастырады. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер сатып алуды осы тізілімге енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында жүзеге асырады. Бұл норма 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұдан бөлек, заңда кәсіпкерлердің де жауапкершілігі көзделген. Шарт жасасудан бас тартқан әлеуетті өнім берушілерді веб-портал автоматты түрде сол күні тізілімге енгізеді. Мәселен, егер сатып алу жеңімпазы өз электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, үш күннің ішінде шартқа қол қоймаса, төртінші күні ол Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тұратын болады.

Кездесуде кәсіпкерлер тиісті сала мамандарына өзге де сауалдарын қойып, тұшымды жауап ала алды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2016 г. 648 0