ОБЛЫСТА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛДЫ

ОБЛЫСТА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Активте аймақ басшысы облыстағы бірқатар кадрлық өзгерістер жайын айтты.

2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті полиция қызметі өз жұмысына кіріскені белгілі. Жаңа құрылым қызметі ішкі істер органдарының біртұтас жүйесіне кіреді және қызметкерлері бірыңғай құқықтық мәртебеге ие болады. Оның басшысы жылына екі мәрте атқарушы және өкілді органдар, бір рет тұрғындар алдында есеп береді. Бұл әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметінің өзара бірлесіп қызмет атқаруын ширата түспек.

Жиында аймақ басшысы Қ.Көшербаев осы жаңа құрылымның басшысын таныстырды. Дәлірек айтсақ, облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстық мәслихатының келісімі бойынша Қызылорда облысының ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Қобландин Қалижан Жеңісбекұлы тағайындалды. Осыған дейін ол Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімін басқарған. Ішкі істер құрылымдарында лауазымды қызметтер атқарған кадрдың жергілікті полиция қызметін жүйелі ұйымдастырып, білікті басқаратынына сенім мол.

Сонымен қатар, облыс әкімінің өкімімен Абдуалиев Айдар Сейсенбекұлы Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Айдар Сейсенбекұлы бұған дейін «Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ директоры қызметін атқарып келді.

Ал 2015 жылдың мамыр айынан Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Ержанов Жақсылық Фазылбекұлы Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

Облыс әкімі жаңадан тағайындалған азаматтарды қызметімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қаңтар 2016 г. 1 092 0