Қазалы шаруалары жылды табысты қорытындылады

Қазалы шаруалары жылды табысты қорытындыладыҚазалы ауданы биылғы жылы ауылшаруашылығы саласында табысты жетістіктерге қол жеткізді.

Суармалы суды ысырапсыз пайдалану арқылы жоғары өнім алу үшін жерді тегістеуді бастады. Бұл жұмыс өз нәтижесін де берді. Жерді тегістеу мәселесіне айрықша көңіл бөлген «Рза-Агро» ЖШС-нің биылғы күріші бітік шықты. Тегістелген жерден күріштің әр гектарынан орташа есеппен 46,0 центнерден, ал кейбір сушылар 79,3 центнерге дейін өнім алды.

Қазалылық шаруалар биыл себілген тұқымның сапасына айрықша қарады.

«Рза» АҚ базасында құрылған тұқым шаруашылығында 2 мың тонна жоғарғы репродукциялы тұқым дайындалды. Қызылорда күріш ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірге әріптестік тығыз байланыс орнатылып, Сыр өңірінің ауа райы мен табиғатына бейімделген, отандық селекциялық күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізуді қолға алды.

Соңғы уақытта тұқымның ішіндегі қызыл дән 18 пайызға жеткен болатын. Бұл мәселені шешу мақсатында «Сыр маржаны» ЖШС Ресейден тұқымның ішіндегі қызыл дәнді айыратын сеператор қондырғысын әкеліп, өндіріске енгізді. Нәтижесінде, тұқымның ішіндегі қызыл дән бірнеше пайызға дейін азайған.

Ауданда биыл 17 мың 610 гектар жерге егін орналастырылған болатын. Оның ішінде, күріш дақылы 7 360 га жерге егіліп, нәтижесінде күріштің әр гектарынан 41,7 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 30696 тонна астық құйылды. Бұл соңғы он жылдан бергі 40 центнерден жоғары өнім алынған көрсеткіш.

Соңғы жылдары суармалы судың тапшылығы байқалып келді. Сондықтан, мамандар күріш егісінің көлемін 7200-7 400 гектар көлемінен асырмай, есесіне гектар түсімділігін көбейтуді мақсат етті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 желтоксан 2015 г. 941 0